Wednesday, November 26, 2008

АҚШ сайлауындағы нәсілдік фактор









«Америка қара нәсілді азаматты президент етіп сайлауға дайын» дейді, Вашингтондағы Pew Research Center әлеуметтік зерттеулер институтының директоры Скот Китер. Оның айтуына қарағанда, бүгінгі АҚШ бұдан 20 жыл бұрынғыдай емес, әжептеуір әлеуметтік либералды бағытта. «Жастар үшін кісінің түсі аса маңызды емес» дейді ол.
Бұл сайлауда дауыстарын тіркеген жастардың өсімі байқалды. Қазақстандағыдай емес, АҚШ-та сайлау алдында азаматтар міндетті түрде, дауысын тіркеуі керек.
Pew Research Center зерттеуіне қарағанда, жас сайлаушылардың 66 пайызы Барак Обамаға, 27 пайызы Джон МакКейнге дауыс беруі мүмкін.
Нью-Йорк тұрғыны, Джордж Вашингтон университетінде оқитын 18 жастағы Стивен, «Мен Обаманы сайлаймын. Оның түсінің қандай екені маған бәрібір. МакКейнге дауыс берер-ақ едім, бірақ, Сара Пэйлинді вице-президент ретінде сайлау, қорқынышты. Оның тәжірбиесі де шамалы. Әрі өте консервативті» дейді.
Огайо штаты, Кливленд қаласындағы Case Western Reserve University, саяси ғылымдар профессоры Джозеф Уайттың айтуына қарағанда, АҚШ-тың 40-жастан төмен азаматтары үшін нәсілдік фактор еш нәрсеге әсер ете алмайды. Өйткені, бұл мәселе маңызды емес. «АҚШ 25 жылдан бері Мартин Лютер Кингтің (Өміріне қастандық жасалынған қара нәсілді американ пасторы) туған күнін бүкілхалықтық мейрам ретінде тойлайды. Сонда, қазір жасы 35-ке келген азамат 10- жасынан бері бұл мерекемен таныс деген сөз. Мереке күндері барлық жерде демалыс. Кинг туралы әртүрлі презентациялар жасалынады. Мұны көріп өскен бала, жастайынан-ақ нәсілдік мәселеге көңіл бөлмейді. Оның үстіне, қазір Америкадағы ең атақты адамдар кімдер? Майкл Джордан, Опра Уинфри, Леброн Рэймон Джеймс. Бұлар теледидар бетінен түспейді. Мұны көріп өскен америкалық жасөспірім, әрине, нәсілдік мәселеге бас ауыртпайды» дейді ол. Алайда, МакКейн раллиінде тек ғана ақ нәсілділердің жиналатындығының және зерттеулерге қарағанда, афро-америкалықтардың 98 пайызының негізінен Обаманы қолдайын деп отырғандығының себебін сұрағанымызда, ол «МакКейнді қолдайтын ақ нәсілділер, негізінен республикалық партия өкілдері болар»деп уәж айтады. «Афро-америкалықтар дәстүрлі түрде демократтарды қолдайды» дейді ол. Бұған қоса, «Бәлкім, оңтүстік штаттарда кей адамдар сайлау учаскесіне барарда іштерінен нәсілдік мәселе туралы ойланатын шығар. Бірақ, ол сайлау нәтижесіне әсер ететіндей мөлшерде емес» дейді.
Профессор Уайт буындар алмасуы, нәсілдік мәселені кейінше ысырды дейді.
Алайда, араб текті Американ азаматы, Обаманың сайлау кампаниясында жұмыс істейтін Нәдір Мехур Мұстафа, нәсілдік мәселенің әлі де болса бар екендігін алға тартады. Сайлау кезінде волонтерлер, үй үйді аралап жүреді. Нәдірге сенсек, есік есікті қағып, Обаманы насихаттап жүрген кезінде, «Дүниедегі соңғы адам болса да, Обамаға дауыс бермеймін деген сөзді естіген. «Бұл меніңше, нәсілшілдіктің айқын көрінісі» дейді ол.
Бірақ, шыққан тегі филиппиндік Ивет Обиаске, сайлау учаскесіне барар кезде нәсілдік мәселеден гөрі кандидаттың жасы маңыздырақ. Қазір МакКейннің жасы 72-де, Обаманікі болса, 47-де.

Қара нәсілді американ жұлдыздары Обаманы қолдауда өте белсенді көзге түсті. Мәселен, Опра Уинфри, өзінің ток-шоуына Сара Пэйлинді шақырудан бас тартты. Оның бағдарламасының рейтингісі жоғары болғандықтан, Сара Пэйлиннің имиджіне жағымды әсер ету мүмкіндігі бар еді.
Осыдан 4-5 күн бұрын, 30-қазан күні афро-америкалық спортсмен, атақты баскетболшы Леброн Рэймон Джеймс пен рекордсмен-рэппер Джей Зи (Бейонстың күйеуі) Кливлендте 20 000 адамды жинап, Барак Обаманы қолдау мақсатында тегін концерт берді. Леброн Рэймон Джеймс, әрине қонақ ретінде қатысты. Концертке жиналған халықтың 99.9 пайызы қара нәсілділер болды.
Қара нәсілділердің әлі күнге дейін өз жеке шіркеулерінің болуы да, біраз ақпарат береді. Кливлендтегі қара нәсілділердің Бетани шіркеуіндегі жиынды көруге барғанда, дін секілді әмбебап дүниеде бір нәсілді ғана адамдардың жиналуы ерекше болып көрінді. Шіркеуден гөрі, адамдардың жиналып, бір бірімен көрісетін орталығын еске түсіреді. Джон Грин, Огайодағы The University of Akron, саяси ғылымдар профессоры, «Religion’s Changing Role in American Politics» кітабы авторының сөзіне қарағанда, әрине, қазіргі қара нәсілділердің әлі күнге дейін бөлек шіркеулерге ие болуы, кезіндегі құл иеленушілік кезеңімен байланысты. «Ол кезде қара нәсілділерді ақ нәсілділер шіркеулерге жолатпайтын. Бірақ, қазір, заман өзгерді, соған қарамастан, екі топ екі бөлек пірәдар етеді» дейді ол.
Ал сайлаудағы Обаманың нәсіліне қатысты, «Афро-америкалықтардың түгелдей дерлігі, сонымен қатар, ақ нәсілділердің негізгі бөлігі Обаманы сайлауға дайын. Тек, Обама саясатымен келісе тұрып, оған дауыс бермеуі мүмкін ақ нәсілділердің шамасы толық белгілі емес» дейді ол.
Испантілді америкалық Джозе Фелисиано болса, «Нәсілшілдік мәселе маңызды емес. Егер ол мәселе өздігінен хабар берген күннің өзінде, Обамаға, ол тек ғана жағымды әсер етеді» дейді.

No comments: