Wednesday, November 26, 2008

"Барак Обаманы қолдаймыз"



«Ол өзгеше, біз оны сол үшін де қолдаймыз» бұл пікірді Кливленд, Огайодағы этникалық топ өкілдерінің аузынан жиі естуге болады. Өзгеше адам—сенатор-демократ Барак Обама.


Егер этникалық топтар өзгеше деген сөзді Обаманы жақын тартып айтатын болса, республикалық партия өкілдері бұл сөзді сайлаушыларды демократ кандидаттан алыстату үшін пайдаланады.
АҚШ вице-президенттігіне үміткер Сара Пэйлиннің сайлаушыларымен кездескен кезінде «Ол өзгеше. Ол біз сияқты емес» деп Барак Обама туралы айтқан пікірі, этникалық топтардың шымбайына батыпты.
«Бұл сөзі арқылы Пэйлин нені аңдатқысы келді? Обаманың нәсілінің өзгешелігін бе, жоқ әлде, оның құндылықтарының өзінікінен ерекшеленетіндігін бе?» деп таңданады араб нәсілді америкалық Нәдір Мехур Мұстафа. Нәдір Мұстафа үшін Обама шындығында да өзгеше. «Не үшін өзгеше?» деп сұраймыз біз. «Жо-жоқ, мен оны нәсіліне бола қолдамаймын. Алайда, нәсілінің өзгеше екендігі онсыз да айқын ғой. Оны ескермеу мүмкін емес. Бірақ, мен үшін өзгешелігі оның ерекшелігінде, оның ұстанған бағытының ерекшелігінде. Ол мүлде басқаша» дейді Нәдір Мұстафа.
Нәдір Мұстафа палестин текті араб. Ата-анасы әлі күнге дейін Сауд Арабиясында тұрады. Өзі американ азаматы. Оның айтуынша, америкалық мұсылмандар негізінен, республикалық партияның қолдаушылары болған. Бірақ, 2001 жылдан бастап Буш әкімшілігінің жүргізген саясатынан көңілі қалған мұсылмандардың саяси бағыты өте қатты өзгерген. «Соңғы жылдары мұсылмандар қатты сынға түскендіктен, көзқарастары да өзгерді. Қазір, консерватор- республикандықтардан гөрі, либерал-демократтар бізге әлденеше жақын» дейді ол.
MBA мамандығына ие Нәдір қазір Обаманы сайлау кампаниясында ерікті (volunteer) болып жұмыс істейді.
Американ-Ислам Кеңесінің Кливленд бөлімінің директоры, Ислам дінін қабылдағанына көп уақыт өте қоймаған Джулия Шерсон «Біздің құндылықтарымыз, республикалық партия құндылықтарына әлдеқайда жақын еді. Алайда, Буш саясатынан кейін мұсылмандардың демократиялық партия қатарына жаппай өтуі байқалды» дейді.
Республикалық партия, отбасының беріктігін, діншілдікті қолдайтын болса, демократиялық партия аборт жасауға, дәстүрлі емес жыныстық қарым-қатынастарға еркін көзқарас ұстанады. Сонымен қатар, аса діншіл емес азаматтар да демократиялық партия қатарынан көбірек табылады.
Огайодағы мұсылмандар кемінде 10 этникалық топтан құралған. Огайодағы дауыс беру құқығы бар мұсылмандар саны 200.000 адам. Штаттағы саны жағынан тез өсіп келе жатқан қауымдастық.
Кливлендтегі еврей қауымдастығының өкілі Нина Уэйн де Барак Обаманың кандидатурасын қолдайды. Нинамен кездесудің реті келмеді, телефонмен ғана сөйлестік. Огайодағы көптеген еврейлері секілді, ол қара күз келісімен Флорида штатына көшеді екен.
Обаманың сайлаудағы қарсыласы МакКейннің ашық түрде еврей мәселесін көтеріп жүргеніне қарамастан, Нина Уэйн үшін, Барак Обама АҚШ президенті болуға тұрарлық кандидат.
Естеріңізге салсақ, Обаманың «Иран президенті Махмуд Ахмадинеджадпен кездесіп, келіссөз жүргізер едім» деген мәлімдемесі МакКейн тарапынан ғана емес, еврей қауымдастығы тарапынан да үлкен сынға ұшыраған. Джон МакКейн: «Израильді жер бетінен жойып жіберу керек» дейтін адаммен қалай ғана кездесуге болады» деп сынап, Израиль қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзін Обамадан гөрі сенімдірек етіп көрсетсе, еврей сайлаушылары Обаманың президент болуына күдіктене қарай бастапты. Бірақ, Уэйн «Соғысқаннан гөрі, кездесіп, мәселені талқылаған жөн» дейді.
Еврей ұлтының өкілі Нина Уэйннің Обаманы болашақ президент ретінде қабылдауы араб Нәдір Мұстафаның ойымен сәйкес келеді. «Ол өзгеше. Оның көзқарасы өзгеше. Ол керемет. Мен оны сондықтан да қолдаймын» дейді Нина. Республикалық-еврейлер Обаманың мұсылман әлеміне жақындығы жайлы ақпарат таратып, оның Иран хақындағы позициясын талқылап жатқанда, Нина күйеуі Норман Уэйн екеуі еврей қауымдастығына арнап, жолдау жолдапты. «Сенатор Обаманы қаралап жатқанда біз үн- түнсіз отыра алмаймыз» деп басталады олардың жолдауы. «Jews News» газетінде жарияланған бір беттік жолдау үшін 2 мың АҚШ долларын төлепті.
Негізінен, Американ Еврей комитетінің сауалнамасына қарағанда, еврейлер, дәстүрлі түрде демократтарды жақтайды екен. Саны жағынан аса көп болмаса да, Кливлендтегі еврей қауымдастығы ықпалды болып есептелінеді.
Испантілді америкалықтар да бұл сайлауда Обаманы қолдайды. Бұл қауымдастық та, дәстүрлі түрде демократтарды жақтайды екен.
Кливлендтегі Hispanic Political Action Committee президенті Хьюго Уризардың айтуына қарағанда, АҚШ жаңа саяси бағытқа зәру. «Буш саясатының әсерінен мемлекет имиджі зардап шекті. Обаманың Америка имиджін өзгертетіндігіне сенемін» дейді Уризар.
Испантілді америкалықтардың республикалық партиядан көңілі қалатын тағы бір тұсы, Уризардың айтуына қарағанда, «Латын Америкасы елдері қаржылық көмекті АҚШ- тан гөрі Қытайдан көбірек алып отыр. АҚШ Оңтүстік Америкаға көңіл бөлмей қойды».
Испантілді америкалықтардың Огайодағы саны 350.000 адам болса, Кливлендтегі саны 120.000.
Егер Хьюго Уризар сайлау учаскесіне барып, дауыс берер кезде, кандидаттың АҚШ мүддесімен қатар Латын Америкасы елдерінің мүдесіне жауап беруіне көңіл аударса, араб пен еврей Таяу Шығыстағы жағдайға жаны ашыса, қытай тектес американ азаматы Маргарэт Вонгты кандидаттың Қытайға қатысты ұстанатын саясаты аса алаңдатпайды. Өйткені, оның айтуынша, «Америкадағы қытайлар Қытайдағы қытайлардан біраз ерекешеленеді».
Вонг та Барак Обаманы қолдайды. «Обаманың елге әкелетін өзгерісі біз үшін өте қажет» дейді ол. Вонг АҚШ-қа 1968 жылы көшіп келген. Қазір Кливлендтегі үлкен жетістікке жеткен заңгерлердің бірі.
Бір ескеретін нәрсе, Азиялық-америкалықтар бұл жолғы сайлауда аса белсенді. Кливлендтің Чайнтаунындағы дүкен, мейманханаларда «Asian-Americans and Pacific islanders for Obama» деген плакаттарды жиі кездестіруге болады.
Жергілікті журналист, бүкіл өмірін Кливлендте өткізген Роберт Смитстің айтуынша, әдетте, азиялық-америкалықтар өте момын болып келеді. Саяси мәселлерде белсенділік таныта қоймайды. Ол азиялық-америкалықтардың бұл жолғы белсенділігіне таңданады да.
Кливлендте 10.000 қытай болса, өзге де азиялық- америкалықтардың саны 50 000 астам.
Этникалық топтардың аса ауқатты өкілдері республикалық партия кандидатын қолдайды, өйткені, Барак Обаманың салық саясаты көңілдеріне қош келмейді.
Дегенмен, этникалық топтар негізінен демократиялық партия кандидатына дауыс бермек.
Араб текті америкалық Нәдір Мехур Мұстафа айтпақшы, «Обама американ арманының белгісі іспетті. Оның жолдауы америкалықтарды біріктіруге арналған».


Кливлендтің халқы 500 000 таяу болса, Огайода 11 млн. халық тұрады.

No comments: