Saturday, May 24, 2008

Грузияның мемлекеттік іргесі сөгіліп жатыр

Тбилисиден бар-жоғы 116 шақырым қашықтықтағы Цхинвали (Оңтүстік Осетия) мен 444 шақырым қашықтықтағы Сухумидің (Абхазия ) дербес астана болуға деген ұмтылысын көріп, грузиндерді аяп кеттім.
Кезінде таяқ тастам жердегі территориясына ие бола алмаған Грузия бұл күндері мазасыз күй кешуде. Өйткені, Грузияның құрамындағы Абхазия мен Оңтүстік Осетия автономды республикалары «өздерін тәуелсіз мемлекеттер ретінде мойындауды» сұрап отыр. БҰҰ мен Ресейге бағытталған бұл қарар қабылданатын болса, яғни, Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін әлемдік қауымдастық мойындайтын болса, Грузия мемлекетінің аумақтық біртұтастығына заңды түрде шәк келтірілмек.
Алайда, шартты түрде бұл екі автономиялық республика 15 жылдан бері Грузиядан тәуелсіз.
КСРО ыдыраған кезде, тәуелсіздік алмақшы болған бұл автономиялы республикалар мәселесін Грузия әскери күш қолдану арқылы шешпек болған. Арада талай қан төгілген. Ол жағдай Грузия тарихында «грузин-абхаз соғысы», «грузин-осетин» деген атпен қалатын шығар. Абхазияда тіпті, отбасында «грузин бағыттас» және «абхаз бағыттас» ретінде екіге айырылған жағдайлар да болыпты. Бірақ, әскери операция Грузияның өзіне кері әсер еткен. Соңғы 15 жылда ресми Тбилиси Абхазия мен Оңтүстік Осетияға билік ету мүмкіндігінен айырылып қалған.
Абхазияда қоныстанған грузиндер жаппай абхаз жерін тастап, Тбилисиді жағалай бастаған. Оларды мұнда «абхаз босқындары» дейді. Оңтүстік Осетияда да сондай жағдай қалыптасқан. Алайда, әлемдік қауымдастық бұл екі автономиялы республиканың тәуелсіздігін тануға асықпағаннан кейін, ресми Тбилисидің рөлін ресми Мәскеу орындауға кіріскен. Дәлірек, Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетия халқына «өз азаматтығын» үлестіруді бастаған. Бұл екі автономияның валютасы грузин лариі емес, ресей рублі.
Олардың Грузия құрамында тек шартты түрде ғана қалып отырғандығын ескерсек, Косовоның Сербиядан бөлініп шығуы, яғни, «тәуелсіздікке бір жақты түрде де қол жеткізу мүмкіндігі» бұл екі автономияның үміт отын маздатып, Цхинвали мен Сухуми бірінен кейін бірі БҰҰ мен Ресейге қарата қарар қабылдады.
Абхазияда 250 000, ал Оңтүстік Осетияда 70 000 халық тұрады. Абхазияның жер аумағы 8600 км², Оңтүстік Осетияның жер аумағы 3900 км², Яғни, екі автономияны қосқанда, Қазақстанның ең шағын облысы Солтүстік Қазақстан облысынан cал-ак аз. (Солтүстік Қазақстан облысы -123,2 мың. км2 )Ал бұл екі автономиялы республика орталықтарының Тбилисимен арадағы қашықтығын жоғарыда жаздық. Тбилиси мен Цхинвали шамамен Алматы мен Отар гарнизоны арасындағы шақырымды құраса, Тбилиси мен Сухумидің қашықтығы шамамен Алматы мен Меркі аралығындағы шақырымды құрайды.
Жер аумағы мен халық саны біздің өлшеммен алғанда бір ауданның жер көлемі мен халқына сай Оңтүстік Осетияның дербес республика атанғысы келетіні тіпті қисынсыздау. Бар-жоғы 2 мемлекетпен шектеседі.Солтүстігінде Ресей (Солтүстік Осетия ), Оңтүстігінде Грузия.
Ал Абхазияның орналасқан жері мықты. Қара теңіздің жағасын алып жатқан абхаздар тәуелсіздікке қол жеткізгеннің өзінде аштан өтіп, көштен қалмайтын секілді.
Айтпақшы, екі автономиялы республика әлемге «үшбу хат» жолдамастан бұрын, Ресей Абхазияға қатысты маңызды қадамға барды: Грузияның автономиясына қатысты бүкіл санкцияның күшін жойды. 1996 жылдан бері Абхазия Грузия мен ТМД тарапынан экономикалық блокадада қалған. Грузия ТМД елдерінің осы шараны қабылдауына ықпал ету арқылы, Абхазияны іштен әлсіретіп, автономияны кері қайтарып алмақшы болған. Осыдан 12 жыл бұрын қабылданған ол құжат бойынша ТМД құрамындағы елдер Абхазиямен сауда-экономикалық, қаржы, транспорттық қарым-қатынасқа бармауға ымыраласқан.
Әрине, бұл санкция қабылданғанымен Абхазияға тауарлар келіп-кетіп те жатты. Яғни, контрабандалық жолмен. Енді, Ресей Абхазияға қатысты санкцияның күшін жойып, ТМД-ның өзге елдерін де өзі секілді әрекет жасауға шақырып отыр. Ресей «Грузин-абхаз дағдарысын реттеуде абхаздар қолдан келген барлық шараны жасады. Ал грузин жағы келіссөздерді үзіп жіберуге дайын тұрады» деген позиция ұстанып отыр.
Солтүстіктегі көршісінің мұндай қадамы әрине, Грузияның шымбайына батпай қоймады. Грузия президенті Михаил Саакашвили «Бұл заңсыз шешім. Кавказдағы ахуалды шиеленістіруді көздеген арандату. Ресей аймақты әскерилендіру процесін бастады» деп мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұған дейінгі санкцияда әскери техниканы абхаз жеріне келтірмеу жағы да қарастырған еді. Оның «Кавказды арандату» деген сөзін «енді, Абхазияға қару заңды, ашық түрде келетін болды» деп түсінген дұрыс шығар.
Санкцияны жойған күннің ертеңіне, Абхазия мен Оңтүстік Осетия Парламенттері «тәуелсіздігімізді мойындаңдар» деп бүкіл әлемге жар салды. Ресейдің санкция күшін жойғаны автономды республикаларды қанаттандырғанға ұқсайды. Бұл республикаларға сонымен қатар, Косово оқиғасының да әсер еткенін атап өту керек. Ресей Косовоның Сербия құрамында қалуын көксегенде, Батыс елдері мен АҚШ ресми Мәскеудің пікірін қажет етпеген. Енді, Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияны қолдау арқылы, Косовода қалған өшін қайтарғысы да келетіндей. Бірақ, Ресей президенті Путиннің «Біз Батыс елдері секілді екі жақты стандарт бойынша жұмыс істемейміз. Косовоның біржақты түрде тәуелсіздік жариялағанына қарсымыз. Сол секілді, Абхазия мен Оңтүстік Осетияның да бір жақты түрде тәуелсіздік жариялауын қолдамаймыз» деп осыдан 3 апта бұрын жасаған мәлімдемесінің өз күшінде қалу-қалмауы да белгісіз.
Грузияның дағдарыс жөніндегі министрі Тимур Якобашвили «Грузия Абхазия мен Оңтүстік Осетияның заңсыз Парламенттерінің не істеп не қойғанына комментарий жасауға міндетті емес. Ресей бұл елдердің тәуелсіздігін мойындамайды деп сенем» дейді.
Ал Грузияның босқындар жөніндегі министрі Кове Собелиани «Министр ретінде емес, Грузияның азаматы ретіндегі азаматтық позициямды білдірейін. Егер әлемдік қауымдастық олардың (Абхазия мен Оңтүстік Осетияның) тәуелсіздігін мойындайтын болса, мұның соңы өте қиын жағдайға әкеліп соғады» дейді.
Біз, әскери операция басталғанда, Абхазиядан Тбилисиге ауып келген Гия есімді босқын жігітпен пікірлестік. Ол «Грузиндер мен абхаздар бір бірімен туыстас болып кеткен халықтар. Халық негізі қайтадан Грузияға қосылғысы келеді, бірақ, билік режимі ғана қасарысып отыр. Негізі, Абхазияны уыстан әуел баста шығарып алғанымыз дұрыс болмады. Бұл Грузияның кінәсі. Арандатуға беріліп, Абхазияға әскер кіргіздік. Сонан кейін тұтанған соғыс оты екі халықты онан әрі ажыратып жіберді. Біз 15 жыл бұрын қызбалыққа берілмеуіміз керек еді» дейді.
Соғыс деген сөзді естігенде біздің ойымызға, 1941-1945 жылдар аралығы еске түссе, Грузияда соғыс бір мүшел бұрын ғана болған нәрсе.
Күні кешеге дейін, Грузия билігі Абхазиядан жөңкіліп келген грузиндерге «Кері көшіңдер. Абхазия Грузияның бір бөлшегі. Сендер ол жақтағы үйлеріңді тастап кетуге міндетті емессіңдер. Сендер қайтып барсаңдар, Грузияның Абхазияны өз аумағына қосып алу мүмкіндігі артады» деп босқындар арасында идеологиялық жұмыс жүргізген.
Енді, Абхазия мен Оңтүстік Осетия парламенттерінің ашық түрде тәуелсіздік талап етуі босқындарды ол жаққа тіпті жақындатпайтындай ахуал туғызатын шығар.
Іргесі сөгілгелі тұрған Грузияға қарап, Қазақстанда автономды республиканың болмағанына тәуба дестік. Негізі, бір ұлт өкілдері көптеп шоғырланған аудандар мемлекеттің біртұтастығына кері әсер ететінін тарих қаншама рет дәлелдеп бергенімен, көптеген елдер әлі де бұл мәселеге аса бір ыждаһаттылықпен қарамайды. Мәселен, біздегі Ұйғыр ауданында негізінен ұйғырлар қоныстанған. Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам ауданында өзбектер тұрғындардың басым бөлігін құрайды. Елімізде тек ғана күрдтерден, дұнғандардан тұратын аудандар бар. Солтүстік шекарадағы аудандар да оңып тұрған жоқ. Мұндай аудандардағы «бостандық сүйгіш» қозғалыстардың әйтеуір бір күні «өз ойынан» хабар беретінін жадымыздан шығармағанымыз абзал. Бірақ, бізде әзірше, бұл мәселемен бас қатырған шенеунікті аңдамадым.

No comments: