Tuesday, May 27, 2008

Грузиядағы қазақ инвестициясы

«Халық банк» Тбилисиде өз өкілдігін ашты

Қазақтар үшін Грузия инвестиция құятын негізгі елге айналғандай. Грузияның статистика департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанның Грузиядағы инвестициясы 74.4 млн.АҚШ долларын құрап, осы елдегі шетел инвесторларының арасында 6-шы орынды иемденген. Енді Қазақстанның «Халық банкі» Грузияда өз өкілдігін ашты. Банктің Грузия Ұлттық банкіне осыдан екі аптадай бұрын өкілдік ашу жөнінде берген өтініші қабылданса, «Халық банктің» Тбилисидегі өкілдігі алдағы екі айдың ішінде жұмыс істеп бастауы да мүмкін, өйткені, Грузия заңдылықтары бойынша, шетелдік банктің өтініші 3 айдың ішінде қаралады.
Грузия Ұлттық банкінің БАҚ-пен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Георгий Каландадзенің айтуы бойынша, шетелдік қаржылық институттың Грузияда өз өкілдігін ашуы үшін оның жарғылық капиталы 11 млн.лариді (грузин валютасы) құрауы керек /шамамен 5 млн.еуроға тең\.
Грузияда қазір 21 банк жұмыс істейді. Бұл ел тұрғындарының небәрі 5 млн.екенін ескерсек, банктердің шамадан тыс көптігін аңдайсыз. Өйткені, 16 млн. халқы бар Қазақстандағы банктердің саны 34. «Жақында бізде арабтың «Абу Даби Груп» компаниясы өз банкін ашты, «Прогресс банк» атты тағы бір банк тіркелуде. Сондықтан, мұнда «Халық банкті» кәдімгідей бәсеке күтіп тұр» дейді Георгий Каландадзе.
Ол, «Халық банк» мұнда қазақ инвестицияларының соңынан келген сияқты. Өйткені, қазақтар Грузияның экономикасына, әсіресе, энергетикалық саласына мол инвестиция құйды ғой» дейді. Бұл пікірмен келіспеске болмас. 2006 жылы «ҚазТрансгаз» 50 млн.АҚШ долларын төлеп, тендерде жеңіске жетіп, бүгінде Тбилисидің бүкіл жылу-энергетикалық жүйесін қамтамасыз етіп отыр. «ҚазТрансгаз» «Қазмұнайгаздың» құрамындағы компания. Ал «Қазмұнайгаз» өз кезегінде «Самұрық» холдингіне қарайды. Ал «Самұрық» топ-менеджерлерінің бірінің «Халық банктің» акционері болғаны да ешкімге жасырын емес. Міне, «Халық банктің» Грузия нарығына «ҚазТрансгаздың» соңынан келгендігін осы тізбек арқылы да көрсетуге болар. Бұл мәселенің бір ғана қыры. Екінші жағынан, әрине, банктің Грузия нарығында өз ықыласы да болуы да мүмкін. Алайда, кез келген банктің төлем қабілеті жоғары азаматтарға ынталы екендігі белгілі. Бірақ, Грузия халқы төлем қабілеті жөнінен Қазақстандағыдай жоғары деңгейге ие емес. Мұнда жұмыссыздық мәселесі тіпті ұлттық мәселеге айналған. Жұмысшылар екі қолға бір күрек алып, шетке кетуге мәжбүр. Негізгі рынок бұған дейін Ресей болса, ендігі ретте Батыс елдері болып отыр. Өйткені, Ресейдің грузиндерді құшақ жая қарсы алатын ниеті жоқ. Грузияда орташа айлық 150 АҚШ.долларына сай. Ал мұндай жалақы алатын азаматтардың төлем қабілеті әрине төмен болады. «Халық банк» болса, сауысқандай сақ банк. Несие берер кезде азаматтың несиелік тарихына өте жіті көңіл бөледі. Бұл әрине, банк менеджментіне байланысты. Қазақстандағы «Альянс банк» секілді банктер несиені «аялдамаларға дейін таратып жатқанда», «Халық банктің» несиелік шарттары қатаңдығымен ерекшеленетін. Сондықтан, қазақстандық клиенттеріне аса кеңпейілдік танытпаған банк ахуалы нашар грузиндерге келгенде кеңпейіл бола қоймас. Демек, банк әрине, корпоративті мүддеге қызмет ету үшін Грузиядан өкілдік ашпақшы.
Айтпақшы, мұнда «Тұран Әлем банк» «Silk Road Group» компаниясымен серіктесіп, «BTA Silk Road Group» банкін құрған. Бұдан басқа, Грузияның телекоммуникация саласындағы негізгі компанияны 90 млн.АҚШ долларына жекешелендіріп алған. Қазір, «Тұран Әлем банк» Аджарияда 21 туристік объектіні жаңғыртуға ақша құйып жатыр. Мұнан өзге Тбилисидің қақ ортасында салынып жатқан «Иберия» қонақ үйінің негізгі инвесторы.
Қазақ бизнесінің Грузиядағы мұндай ықыласы Саакашвилидің «Жақында Қазақстан Грузиядағы №1 инвестор болады» деп мәлімдеме жасауына түрткі болған секілді.

1 comment:

smskazakhstan said...

http://smskazakhstan.com/ – Қазақша рефераттар, курстық, дипломдық жұмыстар