Tuesday, May 20, 2008

Грузия




ГРУЗИН ТІЛІНІҢ АРМАНЫ ЖОҚ...

Тбилисидегі грузин тілінің қолданыс аясына қарап, қызығып кеттік Қазақ тілінің рөлі осындай болса ғой, шіркін. Шын мәніндегі мемлекеттік тіл грузин тілі секілді қолданысқа ие болса, өкпесі жоқ шығар. Көшеде келе жатып, өзіңізді шетелде жүргендей сезінесіз. Ортақ орыс тілінің көлеңкесі де көрінбейді. Оның орнын ара-тұра ағылшын тілі алмастырып қояды. Көше аттары, қоғамдық көлік бағытынан бастап, газет, арналардың барлығы да грузин тілінде. Тіпті, Тбилисиге келген алғашқы күндері өзара орысша сөйлескен жан көзімізге ілінбеген. Расын айту керек, алғашқыда ыңғайсыздау көрінген бұл заңды құбылысқа кейіннен үйренісіп кеттік.
Славян тектес тбилисиліктердің өздерінің грузинше сөйлейтіндігіне қарап, «грузин тілінсіз мұнда өмір сүрудің ақылға сиымсыздығын бұлар да түсінген екен» дестік. Шетел азаматтары ретінде «грузин тілін үйрену керек екен» деген ой да келді. Ал Қазақстанға келген кез келген шетелдіктің біздің күйімізге түспейтіндігіне бәс тігуге де болар.
Грузин БАҚ-ның ішінде орыс тіліндегі телеарналар мен газеттердің орны тіпті байқалмайды. Орыс тілінде жалғыз ғана арна бар. Оның өзінде, бұл арнада грузинше бағдарламалар көрсетіледі. Ал қалған 5 арна грузинше хабар таратады. Журналист Майя Микашавидзе «Грузияда орыс тіліндегі ақпарат құралдары ешқашанда үстемдік құрмаған» дейді. Біз Қазақстандағы қазақ тілінің жағдайымен параллель түзіп көрдік. Қазақстандағы тіл жағдайын айтқанда, бізге көбінесе «қазақтардан өзге 100-ге тарта ұлт өкілдерінің тұратыны» жайлы ақпарат алға тартылады. Алайда, Грузия да көп ұлттылық синдромынан ада емес. Ресми ақпараттарға сүйенсек, мұнда да жүзге тарта ұлт өкілдері тұрады екен. Грузин тілінің мемлекеттік тіл статусына толық сай болуы, бәлкім тіл саясатын жүргізушілердің жан-жаққа алақтамайтындығының көрінісі шығар.


ҰЛТЖАНДЫ ГРУЗИНДЕР

Грузиндердің ұлтжандылығын тілдік тұрғыдан ғана бейнелегеніміз аздау болар. Мені олар өз ұлтын сүйтіндігімен таңдандырды. Бізді «Мен қазақпын» дегеннен гөрі, мен пәленше рудың өкілімін деген мақтаныш көбірек кернейтіндігін, яки, ұлттық санадан гөрі рулық сананың жетегінде жүргенімізді ескерсек, грузиндердің үлгі аларлық қасиеттері баршылық екен.
Дін тұрғысынан алсақ, грузиндер аса діншіл халық болып көрінді. Жасы болсын, кәрісі болсын, шіркеудің жанынан өтіп бара жатып, тұра қала шоқынып жатады. Мейлі көшеде, мейлі көлікте, мейлі тіпті, қоғамдық көлікте...

РЕВОЛЮЦИЯНЫҢ ӘСЕРІ

Рас, Грузияның әлеуметтік жағдайы керемет емес. Саакашвилидің жақтастары «Соңғы 4-5 жылда ғана елдің жағдайы түзеліп келеді» дейді. Мұны жоққа шығарушылар да баршылық. Көшедегі қайыршылардан бастап, Тбилисидегі барлық көрініс бұл елдегі жағдайдың Қазақстаннан әлдеқайда төмендігінен хабар береді. Алматыдағы қымбат көліктердің тығыны мен Астанадағы зәулім құрылыстың мұнда бірі де жоқ. Қазақстаннан екендігімізді естіген грузиндер «ой, Қазақстан бай ел ғой!» десіп жатты. Бірақ, Қазақстандағы қымбат һәм де жалт-жұлт еткен дүниеге көптің қол жеткізе алмайтындығын ескерек, Грузияда әлеуметтік тепе-теңдік бар екен, әлі де болса, деген ойға келдік. Яғни, өте бай адам мен өте кедей адамның арасы анау айтқандай алшақ емес...
... Бізді Тбилисидегі әлемдік деңгейдегі қонақүйлердің көптігі таңдандырды. «Мэрриот», «Кемпинский», «Интерконтиненталь», «Риксос»... Бұл қонақүйлердің барлығының дерлік Тбилисиде өз өкілдіктері бар. Мұндай қонақүйлер Тбилисиге, жалпы Грузияға шетелдіктердің көптеп келуінен болар. Бұл Грузияның сыртқы әлемге аса қызықты екендігінен хабар беретін факт болар.
Революциялар Грузияны жүнжітіп жіберіпті. Билік пен оппозицияның текетіресі қарапайым халықты шаршатып жібергенге ұқсайды. Дегенмен, кез-келген мемлекет мұндай этаптан өтуі керек деген қорытынды жасап үлгірдік. Өйткені, мемлекетте биліктен өзге саяси лагерь болмаса, болған күннің өзінде әлсіз позициядан жоғарыға өрлей алмаса, ол да мемлекеттің әрі қарай дамуын тежер еді. Ал билікке жаңа деп, жаңа қан келіп қосылғанда, оның жаңара түсетіні заңдылық. Грузияда мұндай элементтер баршылық. Сондықтан, әлеуметтік жағдайы әзірге нашар болғанымен, ең бастысы ұлттық құндылықтарын жоғалтпаған билік жүйесі жаңа леппен толығып отыратын грузиндердің ахуалдарының бұл қалыптан жоғарылайтындығына күмән келтірмейміз.

Гүлнәр МҰҚАНОВА Тбилиси, Грузия

No comments: