Tuesday, May 27, 2008

ГРУЗИЯ ОППОЗИЦИЯСЫ САЙЛАУҒА БОЙКОТ ЖАРИЯЛАДЫ

Грузияда өткен парламенттік сайлау нәтижесінде билік партиясы, яғни «Ұлттық қозғалыс» партиясы Парламенттегі 120 орынды иеленетін болды. Грузия Орталық Сайлау комиссиясы бұл партияның 59,9 пайыз дауыс алғанын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетсек, сайлауға 3 блок пен 9 партия қатысты. Грузия парламентіне бару үшін саяси партия 5-пайыздық барьерден өтуі керек. Сонымен, парламентке 4 партияның ғана өтуіне мүмкіндік туды. Біріккен оппозиция—17.65 пайыз, Христиан-демократиялық партиясы— 8,22 пайыз, Лейбористік партия— 7,56 пайыз дауыс алды.
Бірақ, оппозиция бұл қорытындымен еш келіспек емес. Өз кезегінде, оппозиция да сайлау қорытындысын жасап үлгірді. Ол қорытынды бойынша, оппозиция—42 пайыз, Ұлттық қозғалыс—32.94 пайыз, Христиан-демократтар—7пайыз, Лейбористер—8.41 пайыз, Республикалықтар—5.43 пайыз дауыс алған. Сайлау болған күні Тбилисидің орталығында митинг жасаған оппозиция сайлаудағы заң бұзушылықтарды тізіп берді. Оппозиция лидерлерінің бірі Саломе Зурабишвили: «Біз сайлау участкілерін аралағанымызда тек ғана заң бұзушылықтарды көрумен болдық. Бұл сайлау өте әділетсіз боп өтті. Әкімшілік ресурстары пайдаланылды. Сондықтан, мен Тбилиси тұрғындарын бұл заң бұзушылықтарға қарсы тұруға шақырамын. Тбилисиде бұған дейін де оппозицияның жеңгенін естен шығармаңыздар» дейді ол. Яғни, осыдан 5 жыл бұрынғы революцияны тбилисиліктердің есіне салып тұр. Орталық сайлау комиссиясы болса, керісінше, бүкіл заң бұзушылықтар оппозицияның кесірінен болды дейді. Мәселен, Орталық сайлау комиссиясының пресс- спикері Зураб Качкачишвилидің пікірінше, оппозиция барлық жерде агрессия мен арандатуға жақын болған. Әдейі арандату шараларын ұйымдастыру арқылы, сайлаудың беделін түсіруге мүдделі болған.
Грузия парламенті 150 депутаттық мандаттан тұрады. Оның 75-і мажоритарлық мандат болса, қалған 75-і пропорционалдық мандат. Пропорционалдық мандат бойынша билік партиясы негізінен жетістікке жетсе, мажоритарлық мандат бойынша да дәл сондай жағдай қалыптасты. Ең қызығы, парламентке мажоритарлық жүйе бойынша сайлануға бел буған оппозиция серкесі Леван Гачечиладзе ол мүмкіндікті қолдан жіберіп алды. Яғни, оппозиция серкесінінің өзі сайлана алмай қалды. Сондықтан да болар, оппозиция бұл сайлауға «террор» деп ат қойып үлгірді.
Оппозиция сайлауға бойкот жариялауда. Бұл парламентке оппозициядан ешкім бармайтын болды.
Оппозиция мен билік бірін бірі сайлау бұрмалаушылықтары туралы айыптап жатқанда, шетелдік бақылаушылар да қалыс қалмады. Бірақ, олардың айтуынша, сайлау әділ өткен. БДИЧ-ОБСЕ миссиясы төрағасы Борис Филестің айтуынша, сайлау қорытындысы қанағаттандырарлықтай. ОБСЕ парламенттік ассамблеясының төрағасы Жоао Суарес «президенттік сайлауға қарағанда, бұл сайлауда кәдімгідей алға жылжушылық тенденциясын байқадым» дейді. Ол тіпті, Грузияның саяси партиялары ауызбіршілікке келіп, «демократияны жандандыру үшін» жұмыс істейтіндігіне сенетінін айтты. Бақылаушылардың айтуынша, сайлауда позитивті өзгерістер молынан болған. Грузияда тұратын диаспораларға жағымды жағдай жасалынған. Саяси партиялардың барлығы дерлік оларды өз тізіміне қосқан. Естеріңізге сала кетсек, адам құқығына аса жіті мән беретін ОБСЕ аз ұлттар мен діни бірлестіктер, гендерлік саясат деген ұғымдарды қалыс қалдырмайды. ОБСЕ бақылаушылары сайлауға әйелдердің аз қатысқандығына назар аударды. Сонымен, еуропалық бақылаушылар сайлауға «бата беріп» жатқанда, Грузияның өз бақылаушылары сайлаудағы кемшіліктерді тізіп, жағаларын ұстап жатты. Мәселен, «Көпұлтты Грузия» қоғамдық қозғалысының өкілі Ирма Басиалишвилидің айтуына қарағанда, аз ұлттар қоныстанатын аудандарда, тіпті сол ұлт өкілдері грузин тілін білмегендігі себепті, кімге дауыс беретінін де аңдай бермейді. Мәселен, оларға «№5 партияны белгілей сал деп ақыл айтатындар да табылады». №5 партия билік партиясы екенін еске саламыз. Мұндай заң бұзушылықтар көбінесе әзірбайжандар тұратын Квемо-Картли аймағы мен армяндар тұратын Самцхе-Джавахетия ауданында көбірек болған. Мәселен, Квемо-Картли аймағындағы бір сайлау учаскесінде, участке бастығы кімге дауыс беруді өзі айтып отырған. Адамдарды көлікке отырғызып, кезекпе-кезек сайлау участкілеріне апаратын, «карусель» деп аталынатын сайлаудағы әдістер де кеңінен қолданылған. Бір адамның қатарынан бес рет дауыс беруін аңдаған бақылаушыларды сайлау участкесінен тіпті қуып та жіберген жағдайлар болған. Заң бұзыушылық қаншалықты молынан болса да, шетелдік бақылаушылар сайлауды мойындады. Енді Грузиядағы оппозиция мен биліктің бір бірінен аса алшақтай түсетіндігін ғана аңдауға болар. Конструктивті диалогқа орын мүлде болмайтын секілді.

No comments: