Tuesday, May 27, 2008

Аджариядағы қазақ инвестициясы

Грузияға келгенімізге 5 айдан асса да, бұл елдің Қара теңіз жағалауындағы Аджария өлкесіне енді ғана аяғымыз тиді. Аджария, оның астанасы Батумидің Қазақстан үшін маңызы зор. Керісінше, суреттесек те болады. Бұл өлке үшін Қазақстанның да маңызы жоғары, өйткені, дәл осы аймақ пен қала атымен қазақ бизнесі тығыз байланыста. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Батуми портын сатып алса, «ТұранӘлемБанктің» дәл осы қалада туристік саладағы жоспарлары бар.
Батумиді біздің ұғымымыздағы жұмақпен теңестірсек, күпірлек те болуы мүмкін. Бірақ, Атлант мұхитының да, Тыныс мұхитының да жағалауындағы біз көрген портты қалалармен салыстырғанда, дәл осы Қара теңіздің жағалауындағы кішігірім ғана қала бізге өте керемет әсер қалдырды. Ерекше стильдегі шап-шағын 2-3 қабатты үйлері, жасыл желегі мен саф таза ауасы, кемелері мен қайықтары, қарбалыстан ада халқы, бір сөзбен айтқанда, кісінің жанын жай тапқызатын қасиетке ие қала екен. Үш ай бойы лас әрі беймаза Тбилисиден кейін тып-тыныш Батумиді көргенде көктен сұрағанымыз жерден табылғандай болды.
«Батуми» немесе «Батиус Лиман» сөзі грекшеден аударғанда, «көгілдір айлақ» деген мағынаны береді екен. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Батумидің орнында болған ескі қала жайлы мәліметтерді Ксенофонт, Плиний, Аполлоний Родосскийдiң еңбектерінен табуға болады екен.
Онан бергі тарихы да ерекшеліктен ада емес. Аджарияны Осман империясы 17- ғасырда жаулап алыпты. Сөйтіп, 19-ғасырдың соңына дейін немесе 1878-жылға дейін түріктердің қарамағында қалған Аджариядан әлі күнге дейін Түркияның ықпалын байқауға болады. 3 ғасырға жуық уақыт аралығында ислам дінін қабылдаған аджарлардың арасында соңғы 70-80 жылда қайтадан православиеге өту тенденциясы байқалады екен. Аджарияның халқы 400 мың болса, соның 10% мұсылмандар екен. Яғни, егде адамдар ислам дінін ұстанса, жастары православиеге өткен.

Аджариядағы «ТұранӘлем Банк» жоспарлары...

Аджария бүгінде автономды республика. Осыдан 4-5 жыл бұрын сол кездегі президенті Аслан Абашидзе революциядан кейінгі билік пен Саакашвилиді мойындағысы келмей, Аджарияда тәуелсіздік жарияламақшы да болыпты. Бұған Шеварднадзе мен Абашидзенің арасындағы жақсы қарым-қатынас әсер етсе керек. Өйткені, Шеварднадзенің кезінде Аджария «өзі би, өзі қожаға» айналған.
Бірақ, Саакашвили әрине, Аджарияның Грузия аумағынан бөлініп шығуына жол бермеген. Сөйтіп, Абашидзе Мәскеуге кетіп қалған.
Билікте отырған кезінде Абашидзенің Аджария хақындағы жоспарлары көп болса керек. Ол тіпті Қара теңіз жағалауында өзіне “Ривьера” атты зәулім әрі кең резиденция салып бастаған екен. Бірақ, бүгінде Абашидзенің теңіз жағалауындағы жартылай дайын резиденциясы «Тұран Әлем Банкінің» қарамағында. Банк аяқталмай қалған резиденцияны 2006 жылы сатып алыпты. Жоспар: оны туристік объектіге айналдыру.
2006 жылы Банктің Директорлар Кеңесінің Төрағасы Мұхтар Аблязов Аджарияның туристік объектілеріне 200 млн.АҚШ долларын құятынын хабардар еткенде Грузия президенті Саакашвили «2008 жылы Аджария курорттық жұмаққа айналады. Ал Қазақстан Грузияның № 1-ші инвесторы атанады» деп мәлімдеме жасаған екен. Бірақ, 2008 жылдың ортаңғы шеніне таяп қалғанымызбен, Аджариядағы «Тұран Әлем Банк» объектілерінде құрылыс әлі басталмаған да. Соған қарағанда, банктер кризисі «ТұранӘлем Банктің» шетелдегі объектілерін де айналып өтпеген секілді.
Ал Аджария туризмнің арқасында қазынасына біраз қаржы түсіріп отыр. Аджарияның туризм департаменті директоры Темур Диасамидзенің айтуына қарағанда, былтыр туризм саласынан түскен қаржы 30 млн. лариге теңескен (шамамен 22 млн. АҚШ доллары). «Революцияның, билікке жаңа адамдар келуінің арқасында Грузия тұрақты әрі сенімді мемлекетке айналды. 2003-2004 жылдары туризмнен түсетін қаржы бар-жоғы 10 мың АҚШ долларын құраса, қазір 22 млн. АҚШ долларына жетті» дейді. Аджариядағы демалушылар қазір негізінен армяндар, украиндар, орыстар мен әзірбайжандар және еуропалық туристер екен.
«Қазақстандық туристердің де көптеп келуіне мүдделіміз. Бірақ, Грузияға дейін әуебилеттер қымбатқа түседі. Сондықтан, көптеген туристер үшін Түркияға барып демалған әрі арзан, әрі ыңғайлы болып отыр. Бірақ, Анталия тіпті курорттық аймақ емес, қонақүйлердің мекеніне айналды ғой. Туристі тек ғана қонақүймен емес, әсем табиғатпен де баурау керек. Түркия осы жағынан сәл кенжелеу қалып отырған секілді» дейді ол. Қазақстандық турист үшін Тбилисиге барып-қайту шамамен 800 АҚШ долларына тең. Ал Тбилиси мен Батумидің арасы 400 шақырымға таяу. Бірақ, табиғатының кереметтігімен Батуми кез келген курорттық қаламен бәсекеге түсе алады.

... «ҚазМұнайГаз» жоспарлары

Мұнан өзге Батуми порты да қазақтардың иелігінде. Толығырақ жазсақ, Батуми порты Қазақстанға өз мұнайын шет елдерге теңіз арқылы экспорттау мүмкіндігін береді. Сондықтан да, Батуми порты мен ондағы мұнай терминалын басқару құқығын «ҚазМұнайГаз» компаниясы сатып алған.
Ал 2006 жылы халықаралық инвестициялық «Greenoak Holdings» компаниясы мен «ҚазТрансойл» компаниясы қазақ мұнайын Грузия аумағындағы темір жол желілері арқылы әлемдік рынокке тасымалдау үшін арнайы біріккен кәсіпорын да құрған.
Бүгінде Батуми порты арқылы жылына шамамен бір миллион тоннадай мұнай өнімдері әлемдік рыноктерге жөнелтіледі. Мәселен, 2007 жылы 912,1 мың тонна, 2008 жылы 749,1 мың тонна мұнай өнімдері осы Батуми портының мұнай терминалы арқылы өткен. Әрине, мұның бәрі қазақ мұнайы емес, негізгі бөлігі әзірбайжан мұнайы. Бірақ, осы портты басқару құқығын иемдену арқылы «ҚазМұнайГаз» порт терминалынан өтетін мұнайдың қазақстандық үлесін арттырмақ.
Батумиден шамамен 25 шақырым қашықтықтағы Поти порты да Грузиядағы қазақ бизнесі үшін маңызды объект. Қазақтар Потиден астық терминалын салмақ.
Қара теңіз жағалауындағы әсем Аджария мен Батуми қазақ бизнесін өзіне «баурау» жөнінен біраз жетістіктерге жетіп үлгіріпті.

1 comment:

Anonymous said...

http://topreferat.blogspot.com/ – Қазақша рефераттар, курстық, дипломдық жұмыстар