Saturday, November 22, 2008

2.Республикалық партия кандидаты Джон МакКейннің сайлау алды раллиі

Кливлендтен 20 миль қашықтықтағы Ментор қаласында өткен МакКейннің сайлау алды раллиіне шамамен 3 мыңдай адам жиналды. Мұндағы мектептің баскетбол залында орын жетпегендіктен, бір мыңдай адам сыртта үлкен монитордан бақылап тұрды. Ралли кешкі 18.30-ға белгіленгенімен, халық 15.00-ден-ақ жинала бастады. МакКейннің өз сайлау алды раллиін 500.000 жуық халқы бар Кливлендте емес, 40 мыңдай тұрғыны бар Ментор қаласында ұйымдастыруының себебі: Кливлендте негізінен қара нәсілді халық шоғырланған. Қара нәсілді халық, АҚШ сайлау тарихында, негізінен, демократтарды қолдайды. Ал Барак Обама демократ. Республикалықтар болса, негізінен, ірі қалаларда емес, ірі қала жанындағы кішігірім қалаларда үлкен беделге ие. Өйткені, АҚШ-тың ірі қалаларында негізінен, жағдайы аса керемет емес тұрғындар мекендесе, ауқатты америкалықтар, ірі қала сыртындағы кішігірім қалаларда тұрады. Ментор ауқатты, ақ нәсілді америкалықтар мекендейтін кішігірім қала. МакКейннің раллиінде қара нәсілді бірен-саран ғана адамды кездестірдік.
Раллидің форматы 1-мамыр сияқты кеңестік мерекелерді еске түсіреді. Ол кезде жұрт алаңға әртүрлі плакаттар алып, бала-шағасымен қыдыруға шығатын болса, мұндағы саяси науқанның нағыз көрініс беретін жері—раллиге де америкалықтар отбасы мүшелерімен келеді. МакКейннің 30 минуттық сөзі үшін шамамен 3-4 сағаттық уақытын бөлген америкалықтардың ерекшелігі сол, олар мұндай жиындарға өз еркімен келеді.
Америкалық публиканың саяси жиындарға әбден төселіп қалғандығы байқалады. Тіпті, бұл публиканы бақылауда ұстау МакКейнге еш қиынға түспеді.
МакКейннің негізгі сайлау алды жоспары—«Салықты азайту». Әскери шенді кандидат ұранды да өзіне жақын салаға машықтап, «Stand up and fight» деп алған.

No comments: