Wednesday, November 26, 2008

АҚШ журналистерінің сайлаудағы рөлі



АҚШ медиа нарығының сайлаудағы рөлі аз- маз таңдандырады. Өйткені, олар сайлау кезінде, президенттікке кандидаттарға ресми түрде қолдау көрсетуімен ерекшеленеді.
Бірақ, қолдау дегенде, газет бетіне тегін жарнама орналастыру немесе кандидаттың штабынан ақша алып, соның есебінен жағымды мақалалар жазу деп ойлап қалмаңыз.

Расын айту керек, АҚШ журналистері кәсіби түрде өте мықты. Олар «ақпаратқа бірінші болып қол жеткізу» деген ұғыммен етене таныс, себебі, бар ақпаратты өңдеумен емес, жаңа ақпаратты таба білуімен ерекшеленеді. Бұл мәселе бойынша олар өте жылдам, шапшаң.
Алайда, егер олар зерттеуге ден қоятын болса, зерттейтін тақырыбына бар уақыты мен күшін сарп етеді. Бірнеше апта, тіпті айлап, сол тақырыптың ізінде жүре беруге бейіл. Огайодағы «Cleveland Plain Dealer» газетінің тілшісі Роберт Смитс, бір мақаланы жазуы үшін 10 күннен 2 аптаға дейінгі уақытты сарп ететінін айтады. Бұл әрине, біз үшін түсініксіздеу жағдай. Қытайдың Шанхайынан келген әріптесіміздің, сайлау кезінде оннан аса мақала жазғанын естіген ол, «Менің редакторыма бұл жөнінде айта көрме» дейді әзілдеп.
АҚШ журналистикасының біздің журналистикадан ерекшелігі сол, газеттердегі мақалалардан журналистің жеке ойын таба алмайсыз. Өйткені, ол жеке ойын мақаласына еш қоспайды. Жеке ойы, жеке көзқарасы, өзіндік позициясын қосу ия болмаса, оқырманға ақыл айтып, жөн сілтеу, өздігінен тон пішу, қорытынды жасап, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін іздеу—мұның бәрі АҚШ журналистикасы үшін жат элементтер. Олар тек ғана мәселені жете білетін эксперттердің айтқанына сүйенеді. Өйткені, олар, «biased» деген терминнің көлеңкесінде қалғысы келмейді. (Аудармасы: предвзятость, пристрастность). Яғни, өз жеке пікірінің соңынан еріп кетпеу үшін барын салады және бұл олардың қолынан келеді.
АҚШ газеттерінде «editorials» немесе редактор бағанасы және пікірлерге арналған арнайы бет бар. Бірақ, жеке пікірлер жазатын жекелеген адамдар мен қалған журналистер арасы кәдімгідей бөлінген. Яғни, пікір жазатын адам кәнігі журналист болып істемейді. Ия болмаса, жрналист бүгін кәнігі мақала жазып, ертеңгі күні редактор бағанасына пікір жаза алмайды. Екеуі екі бөлек дүние. Әрі, «editorials» бағанасының жарты бет, пікірлердің бір ғана бетке жазылатынын ескерсек, тәулігіне 30-70 бетпен шығатын газеттердегі 1.5 беттік дүниенің еш нәрсе өзгерпейтіні белгілі.
Бірақ, бір қызығы, АҚШ журналистикасында сайлау процесі кезінде президенттікке кандидатқа ресми түрде қолдау көрсету деген дәстүр қалыптасқан. Қазақстанда, бұл аса таңғаларлық нәрсе емес. Өйткені, бізде АҚШ журналистикасының элементтері аса көп таралмаған, сондықтан, да журналистер бұл стильмен аса таныс емес. Сол үшін да, кандидатқа қолдау көрсетпей, бейтарап қалатын өте ықпалды әрі танымал газетті көрсеңіз, таңғалуыңыз мүмкін.
Ал АҚШ-та керісінше, «Неге газеттер кандидатқа қолдау көрсетеді?» деп таңдануыңыз мүмкін. Өйткені, қанша дегенмен, бұл елдің журналистикасының стандарттары мүлде басқаша ғой.
«New York Times», «Washington Times» секілді газеттер дәстүрлі түрде демократтарды қолдайтын газеттер. «Los Angeles Times» газеті мен консервативті бағыт ұстанатын «Washington Post», «Wall Street Journal» газеттері, әрі ең қызығы, жариялана бастағаннан бері тек ғана республикалықтарға қолдау көрсетіп келген «Chicago Tribune» бұл сайлауда демократтар жағынан табылды. Соңғы газеттегі жағдай аса таңғаларлық та емес шығар. Өйткені, Барак Обама, Иллинойс, Чикагодан сайланған сенатор.
Билл Мейерс, «Cleveland Plain Dealer» газетінің тілшісі, газеттердің кандидатқа қолдау көрсетуін өте қалыпты қабылдайды. Оның айтуынша, газет кандидаттарды қолдағанымен, оқырмандарға әсер ете қоймайды. Өйткені, кімге дауыс берерін газеттің ресми қолдау туралы ақпаратынсыз-ақ шеше алатындай оқырманда ақыл жетерлік.
«Cleveland Plain Dealer»--Огайодағы, Кливлендтегі ең таралымды газет. Бұл жылы газет Обаманы қолдап отыр. Бірақ, 4 жыл бұрын газетте қызықты жағдай орын алыпты. Газеттің қожайыны республикалық кандидат Бушты қолдағысы келсе, редакторлар кеңесі демократ-Керриге іш тартқан. Көзқарастар қайшылығы себепті, газет кандидаттың екеуін де қолдамаған.
Кливлендтегі Case Western Reserve University профессоры Джозеф Уайттың айтуына қарағанда, газет қожайынының ол кезде Бушты қолдауы таңқаларлық жағдай емес. Өйткені, газеті бар адамдар кедей болмайды. «Ал байлар негізінен республикалықтар». Бірақ, әйтеуір, бұл жолы газет демократты қолдауды жөн деп тауыпты. Шамасы, көзқарастар қайшылығы орын ала қоймаған.
Журналист Билл Мейерс, «Огайолықтар немесе кливлендтіктер «editorials» бағанасының позициясына қарайлап, өздері шешім қабылдамай отырады дегенге сене алмаймын» дейді. Оның айтуынша, оқырмандарда онсыз да кандидаттар туралы ақпарат жеткілікті болады. Ал егер, газеттің ұстанымы оқырмандарға әсер ете қойғанның өзінде, ол бүкіл оқырмандардың 2-3 пайызына ғана ықпал етуі мүмкін.
Бірақ, сайлау күні:4-желтоқсанға дейін, бүкіл халықтың 7-8 пайызының өздерін «әлі шешім қабылдай қоймаған адамдардың» қатарына жатқызғанын ескерсек, 2-3 пайыздық ықпал өте жоғары көрсеткіш.
Келесі бір журналист Тед Диадиюн, газеттің кандидатты қолдауы деген ұғымның өзін ұнатпайды. Газеттердің бұлайша, кандидатқа қолдау көрсетуіне ол бірнеше жылдан бері қарсы. «Газеттің редакторлар кеңесінде өз қарсылығымды үнемі айтып жүремін» дейді ол.
Журналист Патрик О’ Доннел, тіпті, өз мамандығының саяси көзқарастарға байланып қалуына мүлдем қарсы. «Мен сайлауда ешкімге дауыс бермеймін. Мұндай шешім қабылдағаныма бірнеше жыл болды» дейді ол. Біз болсақ, «Азаматтық позицияңыз қайда қалады. Сайлауда бір дауыс кем болады ғой» деп тықақтаймыз оған. Ол болса, «Журналист бейтарап және әділ болуы тиіс. Ол оқырманға ақпарат тартауы ғана керек. Саяси көзқарастарын жоғары қоятын болса, ол оқырманға шынайы ақпарат тарата алмайды» дейді ол. Айтпақшы, Патрик, Огайода сайлау процесін жазып жүрді.
Біз Халықаралық Журналистер Орталығының тренері Чарльз Райстен, «Журналистердің өте бейтарап болып қалуының фонында, газеттердің редакторлар кеңесінің кандидатты қолдап, саяси бағыт ұстануы, түсініксіз жағдай емес пе?-деп сұрағанбыз. Оның айтуынша, «мұнда тұрған ештеме жоқ. Себебі, репортерлер бәрібір де бейтарап қалады ғой. Оқырман, негізінен репортердің ақпаратын оқиды. Ол редактор бағанасындағы мақаланың жеке біреудің көзқарасы екендігін біледі. Сондықтан, бұдан оқырманға келер зиян жоқ» дейді.
Американ журналистикасының ақсақалы, бұл саладағы аса ықпалды эксперт, 50-жылдық тәжірбиесі бар Бил Ковач пен «Washington Post» газетінің басқарушы редакторының орынбасары Милтон Колеман да, «Егер газеттердегі ресми позиция редактор бағанасында шығатын болса, онда тұрған ештеме жоқ» дейді. Алайда, Ковач журналистикадағы бұл жағдайды аса қатты қолдамайды екен. Оның соңғы жарыққа шығарған кітабы «The Elements of Journalism». Ол кітабында АҚШ газеттеріндегі бүкіл жағдайды бүге-шігесіне дейін талдап шыққан.
Профессор Джозеф Уайт, «Wall street journal» газетінің Обаманы қолдауы, «Обама коммунист» дейтіндердің аузына құм құйғандай болды. Уолл Стрит пен коммунизмді бірқатарға қою мүмкін емес қой» дейді. Естеріңізге сала кетсек, Обаманы қарсыластары коммунист етіп көрсетуге тырысқан. Өйткені, оның «Байлардың салығын көбейтіп, кедейлердің салығын азайтамыз» деген платформасын коммунистердің позициясымен сәйкес қарастырылған.
Сонымен, АҚШ газеттерінің дені президенттік сайлауда Барак Обаманың кандидатурасын қолдауымен ерекшеленді.

1 comment:

ragnildalaviola said...

Harrah's Philadelphia Casino and Racetrack - JTM Hub
Located 경기도 출장안마 in the heart of 영천 출장마사지 the Philadelphia-area, 경주 출장마사지 Harrah's Philadelphia Casino and Racetrack features 2,500 slot 세종특별자치 출장안마 and video poker machines, as 충청남도 출장안마 well as 100,000