Wednesday, November 26, 2008

Сайлаудағы идеологиялық әсер




АҚШ бүгінде, идеологиялық түрде екіге жарылып отыр, дейді профессор Джозеф Уайт. «Әрине, коммунизмнің капитализмге деген қарсылығы сияқты емес, дегенмен, демократтар мен республикалықтар арасы қатты ажырап кетті» дейді ол.
Екі партия сайлаушылардың 45-45 % пайызынан дауысқа ие болса, қалған 10 пайызы кімге дауыс берерін білмей абдырап қалады екен. Сайлаудың басталуына бірнеше сағаттар қалғанымен, зерттеулерге қарағанда, әр штатта 4-5 пайыз кімге дауыс беретінін әлі шеше қоймаған. Мәселен, Огайо штатында, респонденттердің 49 % Обамаға дауыс береміз десе, 46% МакКейнге дауыс береміз деген. Ал сайлаушылардың 3 % әлі кімге дауыс берерін білмейді.
Профессор Уайт, бұл жағдайды қалай түсінерін білмейді. «Жұрттың бәрі кімге дауыс берерін шешкен. Ал мыналар әлі білмейді. Бұлар, иә болмаса, ақымақ, ия болмаса, әлі күнге дейін қажетті ақпаратқа қол жеткізбеген» дейді.
Оның пайымдауынша, Сара Пэйлиннің вице-президенттікке түсуі көп адамды кімді таңдарын білмей сарсылтып қойған.
Оның білуінше, ата-бабаларынан бері республикалықтар болып келген отбасылар бар. Бірақ, ол отбасындағы жас сайлаушы, Сара Пэйлинді көріп, «Ой құдайым, мен бұл әйелге дауысымды еш бере алмаймын» деуі мүмкін.
Демократтар Сара Пэйлин эффектісін МакКейннің анти--жарнамасы ретінде өте жақсы пайдаланды. «МакКейннің, президент болып сайланған күннің өзінде, мерзімінің соңына дейін, Ақ үйде отыруы екіталай. Сара Пэйлинді Президент ретінде елестетіп көріңізші!!!» дейді жарнамадағы үрейлі дауыс.
Скот Китердің айтуына қарағанда, Сара Пэйлиннің вице-президент кандидаттығына таңдалуы республикалықтарға негативті әсер еткен. Pew Research Center «Пэйлин вице-президент болуға қажетті деңгейде ме?» деген сауалнама жүргізген кезде, алғашқы аптада респонденттердің 42 пайызы «Ия» деп жауап берсе, екінші аптада бұл деңгей 32 пайызға дейін төмендеген.
Бірақ, Барак Обама факторы да сайлаушылардың сенімді болмауына қажетті деңгейде әсер етуі мүмкін. Кливленд тұрғыны, Альберт есімді музыкант, дауысын тіркеген демократ болғанымен, Обаманы қолдауға сенімді емес. Өйткені, ол праймеризде (партияның ішінде өтетін сайлау) Хиллари Клинтонды жақтаған. Клинтон, Огайодағы праймериз кезінде жеңген еді.
Америкалықтардың позициясы қызықты. Мәселен, Элхам есімді Кливленд тұрғыны, сайлау учаскесіне бірнеше күн бұрын барып, республикалық кандидатқа дауыс берген. Бірақ, Обаманың жеңуін қалайды. «Маған Обама ұнайды» дейді ол.

«Америка бірнеше топтарға бөлініп, қазіргі күні бір ұлттан гөрі, бөлек-салақ қоғамды еске түсіреді» дейді Джулия Шерсон. Оның ойынша, республикалық партия бұл бөліну элементтерін өте жақсы пайдаланып отыр.
«Бізге қарағанда, Канада халқы бір ұлтқа көбірек ұқсайды» дейді ол.
Әрі, сайлау алдындағы әртүрлі бөлінушіліктер қоғамда біраз уақытқа дейін кері әсерін қалдырады.

No comments: