Saturday, November 22, 2008


«Барак Обама бұл сайлауда сөзсіз жеңеді. Коллегиядағы 538 дауыстың 310-315-не, сайлаушылардың 60 пайыздық даусына ие болады», дейді Томас Манн, американ сайлау жүйесінің білгірі. АҚШ президенті атану үшін кандидат 538 дауыстың кем дегенде, 270-не ие болуы керек.
Жеңіп қана қоймай, оның президенттік мерзімі кезінде, Конгрессте де Обаманың партияластары: демократтар басым орын алады. «Франклин Делано Рузвельттен бері ондай мүмкіндікке ешбір демократ- президент ие бола қойған жоқ еді» дейді Манн.

Манның болжамы бойынша, Сенаттан демократтар 17 орынды артығымен алса, ал өкілдер палатасында 20 демократ көбірек болмақ.

Социолог Скот Китердің айтуынша, Обаманың жеңісіне ең алдымен Буш әкімшілігінің экономикада қалдырған «мұрасы» әсер етпек.

АҚШ-тағы қаржылық проблема халықтың Республикалық әкімшілікке деген сенімін күрт төмендеткен. «Халық Ақ үйге тағы бір республикалықтың келуін қаламайды» дейді Китер.

Бірақ, Томас Манның ойынша, сайлаудан жеңуіне Обаманың өзінің де жеке қасиеттері жетерлік. «Ол өзін сабырлы да салиқалы саясаткер, эффективті кандидат ретінде көрсете білді. Бұл қасиеттері оның сайлаудағы нәтижесін айқындап береді» дейді.

Ал Китер болса, «Буш өзінен кейінгі кандидатқа жеңісті қамтамасыз етіп бере алмады, ол келесі кабинетке құлдыраған экономиканы ғана қалдырды. Клинтон Ақ үйден кеткен кезде, экономика өте жақсы деңгейде еді. Тіпті, ол шырматылған әртүрлі проблемаларға қарамастан, рейтингі жөнінен өте жоғары президент болған» дейді.

Буштың рейтингі тіпті, кезіндегі өз әкесінің рейтингісінен де төмен. Үлкен Джордж Буштың екінші мерзімге сайлана алмай қалғандығы белгілі.

« 2001 жылы халықтың 70 пайызы оған сеніп еді, қазір болса, 11 пайыздық сенімге ғана ие. Бұл тіпті, Джимми Картер мен Джеральд Фордтың рейтингісінен де төмен» дейді ол.

Обаманың «Өзгеріс», жаңа бағыт деген девизі біраз америкалықтардың көңілінен шыққан секілді. Өйткені, оларға шындығында да жаңа бағыт керек. Бұл олардың өз пікірі.

Америкалық сайлаушылармен сөйлесе келе, олардың Клинтон кезеңін өте жылы еске алатынын байқадық. Клинтон мерзімі оларға «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды» еске түсіреді.

Обаманы қолдайтын адамдарды қоғамның кез келген тұсынан кездестіруге болады.

Біз АҚШ-тағы алғашқы бір апта мерзімде, МакКейннің жақтастарын мүлде көрген жоқпыз десек те болады. Тек, бұрынғы КСРО-дан келген бірер эмигранттың ғана МакКейнді қызу қолдағанына куә болдық.Өйткені, бұрынғы КСРО өкілдері консервативті позиция ұстанып, дәстүрлі түрде республикалықтарға қолдау көрсетеді.

МакКейннің нағыз жақтастарын көру үшін, оның раллиіне келуге тура келді.

Партиялардың демографиялық анализіне қарағанда, демократтар негізінен афро-америкалықтардың, этникалық топтардың, оның ішінде испантілді америкалықтардың, кәсіподақ мүшелерінің, жағдайы орташа немесе төменгі класс өкілдерінің, ажырасқандардың, жалғызбасты ата-аналардың, үлкен индустриалдық қала тұрғындарының, атеистердің, дәстүрлі емес жыныстық қарым-қатынасты қолаушылардың, яғни, қоғамның кез келген саласындағы өкілінің қолдауына ие.

Профессор Джозеф Уайттың айтуына қарағанда, жоғары білімді, дүниетанымы кеңірек адамдардың демократиялық партияны қолдау тенденциясы байқалады.



Ал республикалық партия негізінен, ауқатты, ірі компанияларда жоғарғы лауазымға ие қызметкерлер, жұмысшы класы мен орта классқа кіретін ақ нәсілді еркектер, діншіл сайлаушылар, дәстүрлі отбасыларға иек арта алады.

Американың батыс және шығыс жағалауындағы штаттар демократтарды қолдаса, оңтүстік штаттар республикалықтарды қолдайды.

АҚШ-та сайлау кезіндегі штаттардың қай партияны қолдайтынын айқындау үшін оларды «қызыл» және «көк» түске бөледі.

Көк түсті штаттар – демократиялық штаттар

Қызыл түсті штаттар—республикалықтар

No comments: