Wednesday, November 26, 2008

АҚШ сайлауындағы діни фактор




Діни фактор бұл сайлауда біраз жаңғырыққа ие болды. Алдымен, Обаманың бұрынғы пасторы Джереми Райттың «God damn America» (Американы қарғыс атсын) деген сөзі америкалықтар арасында кеңінен тарады. «Ақ Үйге барғысы келетін адам қалайша мұндай сөз айтқан адаммен рухани қатынаста бола алады» деп, осы сөзді МакКейннің сайлау кампаниясы сайлаушыларды Обамадан бездіру үшін пайдаланды. Әдетте, америкалықтар «God bless America» (Американы Құдай жарылқасын) дейді.

Pew Research Center әлеуметтік зерттеулер институтының директоры Скот Китер, «Зерттеулер көрсеткендей, бұл сөздің де, қатынастың да сайлаушыларға әсер ете қоймағаны» жөнінде айтса, МакКейннің раллиінде біз сұхбаттасқан сайлаушы, демократ, бірақ, республикандық кандидатты қолдайын деп отырған Джон Откинс, «Мені Обаманың жанындағы адамдар шошындырады» дейді.
Екінші мәселе, Обаманың мұсылман әлемімен байланысының болуы-мыс мүмкіндігі. Әкесінің есімінің Хусейн аталғаны.
Американ-Ислам Кеңесінің Кливленд бөлімінің директоры, Джулия Шерсон, «АҚШ- та мұсылман болу фобияның жаңа түрі. Мәселен, Обаманың қара нәсілді екенін айтуға болмайды, бірақ, оның мұсылман әлемімен байланысын айтуға болады» дейді.
Толықтай сөйлемнен жұлып алынған «My Muslim faith» деген Обаманың сөзін, қарсыластары, діні мұсылман деп таратқаны белгілі. Обаманың проблемасы, сөйлемді қанық айтуға шебер емес. Бірнеше сөйлемді қосарластырып айтып, кісіні шатыстырады. Joe the Plumber оқиғасындағы «spread the wealth» деген сөзін МакКейн кампаниясы өте ұтымды пайдалануда.
Жалпы, АҚШ дін таңдауы түгілі өзге нәрселерге де бостандық берілген ел. «АҚШ үшін адамның қандай дінге қатысы болғанының қаншалықты маңызы бар? Бұл Сауд Арабиясы секілді бір негізгі дінге иек артқан мемлекет емес қой?» деген сауалға, «Religion’s Changing Role in American Politics» кітабының авторы, профессор Джон Грин, «2008 жыл сайлауында діни мәселе өте маңызды. Тіпті, екі кандидаттың арасын бөлетіндей рөлге де ие» дейді. Оның айтуынша, сайлаушылар өздерінің діни бостандығы жайлы құқығына сенеді және қандай дінді таңдайтынын әркімнің өзі біледі деп санайды. Бірақ, мәселе, президенттің дініне келіп тірелгенде, оларға бәрібір емес, әсіресе, президенттікке кандидат бүгінгі күнде АҚШ-та абыройсыздау мұсылман немесе мормон болса» дейді.
Американ-Ислам Кеңесінің Кливленд бөлімінің директоры, Джулия Шерсон, АҚШ-та соңғы 7-8 жылда мұсылмандардың үлкен прессингте болуының кішкентай балаларға да сезілгенін айтады. «Тіпті, балалардың, әке-шешелерінен «Біз шынымен де соншалықты жаман адамбыз ба?» деп сұраған да жағдайлары болыпты.
Ол Буш әкімшілігі бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Коллин Пауэллдің АҚШ мұсылмандарын қорғаған сөздерін сүйсіне айтады. «Обама мұсылман екен» деген жаңғырық қаттырақ шыққан кезде, Пауэллдің « Мұсылман болса қайтеді? Егер қазір 7-жасар кішкентай мұсылман баласы болашақта АҚШ президенті боламын деп армандаса, жазғыратындай бірдеме бар ма?» деген мәлімдемесі біраз мұсылманға өте жағымды әсер еткен.

No comments: