Wednesday, November 26, 2008

«Ең өтімді сувенир Обаманыкі болды»


АҚШ-тағы президенттік сайлау сувенирлердің саудасына аса жағымды әсер еткен. Дүкендердің барлығы дерлік сайлау кампаниясының элементтері жапсырылған сувенирлерге толы болды. Сайлаудың аяқталып, президенттің айқындалғанына қарамастан, бұл дүкендердегі сауда әлі күнге дейін өте қызу жүруде. Егер дұрыстау дүкендерде сувенирлер бағасы әжептеуір қымбат болса, жаймаларда олардың бағасы біраз арзан.

Ақ Үйден аса алыс емес қашықтықтағы жаймалардан кәдімгідей кезекте тұрған адамдарды кездестіруге болады. Саудагерлердің көңілі тоқ.
46 жастағы Марко Алеварес, Мексикадан келген эмигрант, АҚШ-та 1986 жылдан бері тұрады. Кәсібі: ұсақ саудамен айналысу. Сувенирлер сатады. Бұл жылы оның саудасы кәдімгідей жанданып қалыпты. Өйткені, қанша дегенмен, АҚШ президентін таңдайтын жыл болғандықтан, президенттікке түскен кандидаттардың суреттері жапсырылған сувенирлер сұранысқа өте молынан ие болыпты. «Жұрт негізінен Барак Обаманың бейнесі бар сувенирлерді сатып алуға бейіл болды» дейді ол. Тіпті, оның тәулігіне 100 доллар тапқан кездері де болыпты. Оның айтуынша, қала халқы сувенирлерге аса қызықпайды. Негізгі клиенттері туристер. Бірақ, бұл жылы қала халқы да сувенирлер алуға ықылас танытқан.
АҚШ-қа Қытайдан 1982 жылы келген эмигрант, 62 жастағы Джон Лонг те сувенирлермен сауда жасайды. Ол өз әріптесінің сөздерін нақтылай түсті. «Мәселен, егер 20 футболка сатсам, соның 19-ы Обаманың бейнесімен, ал қалған біреуі МакКейннің бейнесімен болатын» дейді ол. Оның айтуынша, қазірдің өзінде де Обаманың сувенирлеріне сұраныс өте жоғары. «Себебі, ол біздің ендігі президентіміз болды ғой» дейді ол. Республикалық кандидат, сенатор-демократ МакКейннің сувенирлеріне деген сұраныс мүлде жоқ екен.
Джон Лонг, мексикалық әріптесіндей емес, өте сақ. Табатын пайдасы жайлы ақпаратпен бөліскісі келмеді. Қайта, жауын-шашынды күндері саудасының дұрыс жүрмейтінін айтып шағынды.
АҚШ-қа Перуден жақында ғана келген 28 жастағы Джордж Францисконың жаймасында қарақұрым адам кәдімгідей баршылық екен. Өйткені, ол көрші саудагерлер секілді емес, бірнеше дана сатып алатын адамға жеңілдік қарастырыпты. Туристердің арзан нәрседен қашпайтыны белгілі. Еске салатын дүние, бүкіл сувенирлер иә Қытайда, иә болмаса, Латын Америкасы елдірнде жасалынған.
«Сатылған заттардың ішінде Обамаға қатысты сувенирлердің үлесі 80% тең. Ал МакКейнге қатысты сувенирлердің үлесі бар-жоғы 20%» дейді ол. Жаймасындағы саудаға оның көңілі тоқ.
Вашингтондағы кітап дүкендерінде де дәл осындай жағдай. Қаладағы «Borders Books», кітап дүкендері жүйесінде Обаманың «The Audacity of Hope» және «Dreams from My Father» атты кітаптарына сұраныс мол екен. Кітаптарды, кісінің көзі бірден түсетіндей етіп, есіктен кірген беттегі жерде жақсылап, безендіріп қойған. Бұған қоса, Мишель Обаманың кітабы мен екеуінің биографиялары жайлы кітаптар көрнекті орын алған.
МакКейннің кітаптары көзге түспей, біраз іздеуге тура келді. Кітап дүкенінің қызметкері Майктың айтуына қарағанда, Обаманың кітаптарына сайлауға дейін де, сайлаудан кейін де сұраныс мол болған. Ал МакКейннің кітаптарына деген сұраныс өте төмен деңгейде. Ол, тіпті Обаманың кітабын сұраушылар санының артып бара жатқанын айтады.
Біздің өзіміз, кітап кассасында кезекте тұрған бірнеше адамның қолынан Обаманың кітабын байқадық. Роберт Адамс есімді Вашингтон тұрғыны, болашақ президентінің шығармасын сатып алу үшін, әдейі кітап дүкеніне бас сұғыпты. «Мен сайлауда МакКейнге дауыс бергем. Бірақ, енді Обама келесі 4 жылға президенттікке сайланғандықтан, ол туралы дұрысырақ білуге тура келеді» дейді ол.

PS. Бұл уақытта, Ақ Үй АҚШ-тың 44-президенті және Ақ Үйдің келесі қожайыны Барак Обаманың инаугурация рәсіміне дайындықты бастап жіберді. Ақ Үй сыртында құрылыс жұмыстары қызу түрде жүріп жатыр.
Инаугурация, 2009 жылдың 20-қаңтарында өтеді.

No comments: