Saturday, November 22, 2008

Огайоның маңызы



Сайлау 4-қарашаға белгіленгенімен, АҚШ азаматтары дауыс беруді бір ай бұрын бастап жіберген. Огайо штатының Кливленд қаласындағы сайлау учаскелерінде халық дауыс беру үшін кезекте тұр.
Огайо президенттік сайлауда аса маңызды рөлге ие штаттардың бірі. Тіпті, мұнда «You can't win the White House without Ohio» деген ұғым кеңінен таралған. АҚШ сайлау жүйесі бойынша, сайлаушылар коллегиясындағы 538 дауыстың 270-нен артық дауыс алған кандидат президент болып сайланса, сол 538 дауыстың 20-дауысы Огайоға тиесілі.
Бұл штаттың салмағы сайлау коллегиясында 55 дауысқа ие Калифорния штатынан да басым. Өйткені, Калифорния немесе Нью-Йорк штаттарының демократтарға бүйрегі бұратынын білетін республикалық кандидат ол штаттарға аса бас ауыртпайды, не болмаса, Техас, Луизиана штаттарының республикалық партияны жақтайтындығынан хабардар демократтар бұл штаттарға аса көңіл бөлмеуі де мүмкін. Ал Огайо штаты ешбір партияға басымдық бермейтіндіктен, кандидаттар бұл штаттардағы әрбір дауыс үшін күресуге бейіл. Мұны Джон МакКейн мен Барак Обаманың раллилері айқын көрсетті. МакКейн сайлау алдындағы аптада Огайо штатындағы қалаларды автобустық турмен аралап шықса, Обама да Огайоға дүркін-дүркін келіп тұрды.
«Swing states» немесе аумалы-төкпелі позицияға ие штаттардың қатарына Огайомен қатар Пенсильвания, Флорида, Вирджиния штаттары кіреді.
Әзірше, Огайода, Барак Обаманың мүмкіндігі жоғары. Огайоның негізгі газеттерінің (Ohio Newspaper Poll) бірігіп жасаған зерттеуіне қарағанда, Обама 49%, МакКейн 46% дауысқа ие болуы мүмкін. Бірақ, шамамен 5-6% сайлаушы кімге дауыс беретінін әлі толық шешпегендігі себепті, Огайоның позициясын білу қиынға түседі. Алайда, Кливлендтегі Case Western Reserve University профессоры Джозеф Уайттың айтуына қарағанда, Огайода демократтардың мүмкіндігі өте жоғары. Ескерту:АҚШ- та журналистер эксперт ретінде ғалымдардың, университет оқытушыларының айтқанына сүйенеді. Ғалымдардың беделі өте жоғары.
«Огайо «Swing state» статусынан жақын арада арылатын шығар. Өйткені, мұнда демократтардың позициясы жоғарылап барады» дейді ол. Уайттың түсінігінше, Обама, республикалықтарға адал Айова, Нью Мексико, Невада, Колорадо секілді штаттарда үлкен беделге ие болып отырғандықтан, оған тіпті, Огайодағы жеңістің қажеті аса шамалы. Дегенмен, МакКейн де, Обама да Огайоның сайлаушылар коллегиясындағы 20 дауысынан бас тартпақ емес.
Огайо 2004 жылғы сайлауда 20 дауысты президент Бушқа берген. Уайттың сөзіне қарағанда, АҚШ сайлау тарихында, республикалық партиядан сайлауға түсетін кандидат Огайодан жеңілсе, бүкіл сайлаудан жеңіледі. Сондықтан да, МакКейн Огайодағы барлық дерлік қалаларды аралап шықты.

No comments: